ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Жақсылықов Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Алейникке сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.
Еуразия Тудейдің ҚР Беларусь Республикасындағы елшілігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кеше, 26 маусымда Беларусь СІМ басшысы Сергей Алейник жаңадан тағайындалған ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Жақсылықовпен кездесті. Кездесуде Алейник елшінің дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, табысты жұмыс тіледі.
Шара барысында ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстан қос ел президенттерінің саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық серіктестік пен өзара тиімді ынтымақтастығы табысты дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, Қазақстан мен Беларусь қарым-қатынасын арттыруға маңызды мән беретінін атап өтті.
Сонымен қатар тараптар екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің кең ауқымын және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды.
Сұхбат соңында тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы серіктестік өзара іс-қимыл мен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін қуаттады.



















