Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы бүгін, 27 наурызда Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдауында айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бейбітшілік туралы келісім жобасы бойынша келіссөздердің аяқталып, Ереван мен Баку арасындағы мемлекетаралық қарым-қатынастың жандануын қолдайтынын мәлімдеді.
Президенттің пікірінше, бұл айтулы оқиға Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім орнатуға негіз қалап, аймақтың Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуға, сондай-ақ қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Өз кезегінде Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян: “Біз Сіздің екі ел арасындағы ықпалдастыққа қатысты ұстанымыңызды қолдаймыз”, – деді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланысты ілгерілету перспективасы қарастырылды. Қазақстан Президенті отандық бизнес өкілдерінің Арменияға тауар тасымалын 350 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян бүгін, 27 наурызда Қазақстанға ресми сапармен келді.
















