Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елінің Иранмен өзара сауданы 3 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл туралы Иранға ресми сапары аясында Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчимен келіссөздер барысында мәлімдеді.
Министрлер екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ерекше назар аударылып, ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығару қажеттілігі аталып өтті.
«Біз екі ел арасындағы сындарлы әрі қарқынды диалогты кеңейтуді жалғастырамыз. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 12,3 пайызға өсіп, 340 миллион АҚШ долларынан асты. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 82 пайызға артып, 129 миллион долларды құрады. Біз осы оң қарқынды сақтап, өзара сауданы 3 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Қазақстан және Иран сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Каспий өңірін дамыту мәселелері бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, Қазақстанның шекара маңындағы облыстары мен Иран провинциялары арасындағы ықпалдастықты кеңейту және екі елдің Каспий порттарының әлеуетін толық пайдалану маңызды бағыт ретінде аталып өтті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Ынтымақтастық бағдарламасына және Дипломатиялық архив саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
















