Қазақстан мен Иран көлік дәліздерін дамытуды қолға алып, жаңа бағыттар мен ірі жобаларды іске қосады.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі елді байланыстыратын көлік «артерияларын» дамыту және ортақ мүдделікті құрайтын өзге тақырыптарды талқылады.
Кездесуде Иран Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында қабылданған келісімдердің орындалу барысына басымдық берілді. Сондай-ақ, екі мемлекет басшыларының сапар қорытындысы бойынша берген тапсырмалары сөз болды.
Қазақстан мен Иран қарым-қатынасында сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыс маңызды рөл атқарады.
Осыған байланысты, тараптар «Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізі мен “Қазақстан-Түркіменстан-Иран” темір жолы арқылы жүк және транзиттік тасымалды ұлғайту, “Қазақстан-Иран-Ирак” және “Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Армения” жаңа көлік дәліздерін ашу, екі ел порттары арасында кеме қатынасын дамыту және Шаһид Раджаи мен Чабаһар порттарында көлік-логистика бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін зерделеуге дайын екендерін білдіріп, екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруге бейілділігін растады.
Бұл порттар Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Африка нарықтарына шығатын стратегиялық тораптар ретінде қарастырылуда.
Кездесу соңында тараптар тиісті ведомстволар арасындағы тұрақты байланыстың маңыздылығын қуаттап, мұндай форматтың бірлескен жобаларды жеделдетуге және олардың тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін баса айтты.
Көлік байланысын нығайту мәселелері алдағы уақытта Иранда өтетін бірлескен үкіметаралық комиссияның кезекті отырысында егжей-тегжейлі талқыланады деп жоспарлануда.

















