Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы отыз жылда жүз есеге өскенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Мемлекет басшысы Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің 2-4 шілде күндері Қазақстандағы сапары қарсаңында Синьхуа агенттігіне сұхбат берді.
Мемлекет басшысы сұхбатының басында Қытайдағы студенттік шағын еске алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы отыз жылда жүз есеге өскенін атап: «Қытай сауда мен инвестиция саласында 30 жылдан асатын қарым-қатынаста Қазақстанның сенімді әрі жетекші серіктесі болып отыр. Қос елдің арасындағы сауда айналымы 100 есеге дейін өсіп, былтыр 41 млрд долларға жетті. Бұл тарихи рекорд. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстандағы ірі инвесторлардың алғашқы төрттігіне кірді. Сол жылы Қытай Қазақстанға 2 млрд долларға жуық тікелей инвестиция салды. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,4 артық. Жалпы Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 млрд доллардан асты», — деді.
Президент сұхбатта Қытаймен ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, көлік жасау сияқты салаларға ерекше назар аудару қажеттігін қуаттады.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда 4 700-дей қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны жұмыс істейтінін тілге тиек етіп: «Бұдан бөлек қаржы секторындағы бірлескен қызметіміздің аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Бүгінде бұл орталықта 78 елден 2 800-ге жуық шетелдік компания тіркелген. Оның оннан бір бөлігі Қытай елінен», -деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында «Бір белдеу, бір жол» жобасын тұтастай қолдайтынына тоқталып: «Біз Қытаймен көпқырлы байланыстарды ары қарай тереңдету бағытында нақты жоспарларды алға қойып отырмыз. Оған қажетті алғышарттар мен жағдайлар жасалуда. Қытаймен серіктестіктің қазіргі жоғары қарқынын ескеріп, бұл елмен сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізуге болады», — деді.
Айта кетейік, 2-4 шілде күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапармен келеді. Си Цзиньпин 3-4 шілде күндері Астана қаласында өтетін ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.



















