БҰҰ Хатшылығына Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты тіркеу және жариялау үшін қажет құжаттар табысталды.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша кеше, 25 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының жоғары деңгейлі апталығы қарсаңында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты БҰҰ Хатшылығында тіркеу және жариялау үшін қажетті құжаттар табысталды.
Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының алаңында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мемлекеттік шекараны шегендеу туралы шартты БҰҰ Хатшылығында тіркеу Орталық Азия өңірі елдері үшін мұндай құжаттарға қатысты теңдессіз тәжірибе болып табылатынын атап өтті.
Құжаттың тарихи маңыздылығына назар аударылып, бұл қадам екі елдің тату көршілік пен мәңгілік достық қағидаттарына, одақтастық қатынас рухына, ортақ өркендеу игілігі үшін өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілдігінің кезекті растауы екендігіне, сондай-ақ, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні аталып өтті.
Шартқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 2022 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан басшысының Ташкентке мемлекеттік сапары барысында қол қойып, ол 2023 жылғы 4 шілдеде күшіне енді.
Бұл құжат Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу бойынша көпжылдық бірлескен жұмыстың нәтижесі болды.













