Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қауіпсіздікке төнетін қатерге байланысты отандық авиакомпанияларға Иран әуе кеңістігі арқылы ұшуға тыйым салды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша авиакомпаниялар үшін енгізілген шектеулер туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
ҚАӘ хабарламасында: “Иран аумағында ұшу қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің артуына байланысты, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) отандық авиакомпанияларға арнайы өкім шыққанға дейін Иранның әуе кеңістігінде, оның шегінде және маңында рейстерді орындауға тыйым салды. Барлық рейс қауіпті аймақты айналып өту арқылы жүзеге асырылуда. Жағдай ҚАӘ-нің бақылауында, алдағы шаралар қатерлердің өзгеруіне қарай қабылданатын болады», — деп жазылған.
Айта кетейік, осыған байланысты авиакомпаниялардың ұшақтары Иранды Түркия, Ирак, Пәкістан және Ауғанстанның әуе кеңістігі арқылы айналып ұшуда.
Еске салайық, биыл қаңтар айының ортасында АҚШ соққы беруі мүмкін деген хабарлардан кейін Иран билігі елінің әуе кеңістігін жауып, елдің әуе кеңістігінде төмен биіктікте ұшатын барлық әуе кемелерінің ұшуына үш айға тыйым салды.
















