Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 19 қарашада Белград қаласында Сербияның қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің көрмесіне барды.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичпен бірге Белград маңындағы «Батайница» аэродромына қойылған әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының көрмесін аралады.
Көрмеде құрлық әскерінің жауынгерлік техникаларының, сербиялық қару-жарақпен жабдықталған тікұшақтардың, әуе қорғанысы жүйелерінің, атыс қаруларының, артиллериялық және басқа да оқ-дәрілердің, миналар мен минометтердің үлгілері ұсынылған.
Сербияның осы бағыттағы мол тәжірибесі Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайтуға ықпал ете алады.
Айта кетейік, Сербия – әскери мақсаттағы тауарлардың экспорты бойынша аймақтағы көшбасшы ел. Қазір Сербияның қорғаныс өнеркәсібі өнімдері әлемнің 70 мемлекетіне, соның ішінде БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Болгария, Индонезия сияқты елдерге жеткізіледі.

















