Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи саммит екі ел басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды деп санайды.
Тоқаев: «Олар қазіргі заманның ең басты проблемаларына, соның ішінде Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қатысты ортақ шешім табуға шынайы ниетті екенін көрсетті» деді.
Еске салайық, Мәскеу уақытымен 15-нен 16 тамызға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада келіссөз жүргізді. Келіссөз үш сағатқа жуық созылды.
Владимир Путин мен Дональд Трамп Ресей-Америка келіссөздерінен кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Путин келіссөз сындарлы және өзара сыйластық жағдайында өткенін, өте пайдалы болғанын мәлімдеді.
Трамп төрт минуттан аз уақыт сөз сөйлеп, өкінішке орай, әзірге мәміле жасалмағанын айтты.
Ақ үй Ресей мен АҚШ президенттерінің Аляскадағы кездесуін тарихи деп атады.












