Қазақстан СІМ азаматтарын елімізге қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында Ресей тарапымен консультацияларды жалғастыруда.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов Телеграмдағы арнасында хабарлады.
Осы мәліметке сәйкес, бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілімен кездескен.
Жақын арада Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді.
Айта кетейік, бұл мәлімдеме бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы азаматтарының Отанына оралуға жәрдемдесуді сұраған өтініштері таралған соң жасалды.
Ресми өкілдің айтуы бойынша Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды назарда ұстап отыр. Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау Министрлік қызметінің сөзсіз басымдығы болып табылады.
ҚР СІМ әлемнің түрлі елі мен өңірлеріндегі соғыс қимылдары болып жатқан аймақтардан отандастарымызды қайтару бойынша тәжірибе жинақтаған.
Соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін Министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді.
Еске салайық, Ресейге жұмыс істеу үшін кетіп, артынан Украинадағы соғыс аймағына жіберілгені туралы қазақстандық жігіттердің әлеуметтік желідегі видеоүндеуі қоғамда үлкен резонанс тудырды.













