Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Болашақ» саммитінде сөйлеген сөзінде орта державалар мен дамушы әлемнің дауыстары күшейтіліп, Қауіпсіздік Кеңесінде анық естілуі тиіс екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бұл туралы 2024 жылғы 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде өткен «Болашақ» саммитінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Министр климаттың өзгеруі және ядролық қауіп сияқты заманауи жаһандық сын-қатерлерді еңсеру үшін БҰҰ жүйесін жан-жақты реформалау қажет екенін атап айтып, бұл үдерісте халықаралық институттардағы орта державалар мен дамушы елдердің дауыстарын күшейту маңызды рөл атқаруы тиіс екенін қуаттады.
Мұрат Нұртілеу: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, орта державалар мен дамушы әлемнің дауыстары күшейтіліп, Қауіпсіздік Кеңесінде анық естілуі тиіс. Геосаяси дүрбелең мен экономикалық белгісіздік кезеңінде әлемге дипломатия мен диалог қажет», – деді.
Мұрат Нұртілеу Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысының бастамаларын және Болашақ саммитінің барлық негізгі құжаттарын толық қолдайтынын растай отырып: «Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық елмен және оның институттарымен біздің планетамыз және бүкіл адамзат үшін де жарқын болашақты қамтамасыз етуде күш біріктіру үшін бүгін Қазақстан осында тұр», – деді.
Сөз соңында ҚР СІМ басшысы БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына негізделген әлемге балама жоқ екенін атап өтті. Ол әлемдік қауымдастықты ашық диалог пен көпжақты ынтымақтастыққа шақырды.
Министр Қазақстан Болашақ саммитінде қабылданған үш маңызды құжатқа: Болашақ үшін жасалған пактіге, Жаңа цифрлық шартқа және Болашақ ұрпақ туралы декларацияға толық қолдау білдіргенін мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған делегация 2024 жылғы 22-28 қыркүйек аралығында Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жұмысына қатысып отыр.













