Қазақстан барлық келіспеушілікті, соның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөз арқылы шешу қажет деп санайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бұл туралы Таяу Шығыстағы ахуал бойынша жариялаған мәлімдемесінде баса айтты.
Мәлімдемеде: «АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттерінің салдарынан әлемнің біздің бөлігінде орналасқан мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін қатерлі салдары бар халықаралық жағдайдың күрт нашарлауы байқалуда.
Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамытуда. Мемлекетіміз барлық келіспеушілікті, соның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөз арқылы шешу қажет деп санайды.
Барлық мүдделі елдерді ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық бақылаумен таратпау режимін ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру мақсатында келісімді жақын арада әзірлеуге шақырамыз” деп жазылған.
Айта кетейік, кеше 2025 жылы, маусымның 22 күні таңда АҚШ Израильге жақтасып, Иранның Форду, Натанз және Исфаһандағы ядролық нысандарына шабуыл жасады.

















