Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев ұлттық қауіпсіздік органдары төрт террористік актінің алдын алғанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспсөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев бұл туралы 2024 жылғы желтоқсанның бесі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есепте мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның жыл басынан бері атқарған жұмысының негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берілді.
Ермек Сағымбаев ұлттық қауіпсіздік органдары 4 террористік актінің алдын алғанын хабарлады. ҰҚК мәліметінше, терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған.
Лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланды, олардың екеуі сотталды. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жол берілмеді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрлігімен бірге 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың әшкереленгені, 60 адамның қамауға алынғаны баяндалды.
ҰҚК төрағасының айтуынша, мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталды, қару мен оқ-дәріні, есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдаудың 1300-ден аса әрекетінің жолы кесілді.
Шекара арқылы 18 миллиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге жол берілмеді. Заңсыз көші-қонның 20 арнасы тоқтатылды.
Комитет мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне 552 миллионнан астам кибершабуылды және 6 мың DDoS-шабуылды тойтарды.
Президент кездесу соңында ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.
















