Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Александр Новак Қазақстанмен қарым-қатынасты елдің сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Александр Новак Мәскеуде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовпен кездесуінде мәлімдеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда өтетін мемлекеттер басшыларының алдағы жоғары деңгейдегі кездесуіне дайындық аясында отын-энергетика кешені саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын қарастырды.
Новак Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық іс-қимылдың сәтті дамып жатқанын атап айтып: «Астанамен қарым-қатынас — Ресейдің сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі. Біз диалог деңгейіне дән ризамыз. Бүгінде әлемдегі жағдай тұрақсыз. Осындай құбылмалылық жағдайында біздің екіжақты және көпжақты форматтағы тиімді ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да маңызды бола түсті», -деді.
Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов Мәскеуде Ресей Федерациясының Энергетика министрі Сергей Цивилевпен де кездесті.
Мәскеуде өткен келіссөздер барысында тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және энергетика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екендіктерін растады.
Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей экономикасының тұрақты дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған белсенді диалогты жалғастыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері пысықталды.



















