ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммитінде» баяндама жасап, Палестинадағы қақтығыстың баршаны алаңдатып отырғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 13 мамыр күні Түркияның Ыстамбұл қаласында басталған «Дүниежүзілік ислам ғұламаларының жоғары кеңес саммитінде» баяндама жасады.
Наурызбай қажы сөзінде соңғы жылдары әлемде орын алып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыстар, діни алауыздықтар мұсылман әлемін айналып өтпегенін тілге тиек етті. Соның бірі ретінде Бас мүфти Палестинада болып жатқан қақтығысқа дегбірсіздену білдірді.
Наурызбай қажы Тағанұлы баяндамасында: «Қасиетті Құдыс жерінде, атап айтқанда Ғазза секторындағы бауырларымыздың басына келген сынақ – бізге де қатысы бар сынақ деп айтар едім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын – Құдыс жеріндегі қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және мәселенің бейбіт жолмен шешілуін тілейді», – деп баса айтты.
Бас мүфти сөзінің жалғасында Қазақстанның 1967 жылғы шекарадағы астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін толық қолдайтынын мәлімдегенін атап өтті.
Сонымен қатар Наурызбай қажы 2023 жылдың 24 қазанында 12 араб мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Палестинадағы ахуалға қатысты айтқан сөзіне сілтеме жасап, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Палестинадағы зорлық-зомбылыққа қатысты ұстанымын жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіргеніне тоқталып өтті.
«Біз жер бетіндегі әрбір мұсылман өзінің тарихи Отанын, жерін қорғауы тиіс және оған мұсылман әлемі қолдау көрсетуі қажет деген ұстанымдамыз», – деді Бас мүфти халықаралық саммиттегі баяндамасында.



















