Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Иранмен еркін сауда туралы келісім мақұлданды.
Еуразия Тудейдің ҚР Парламентінің Мәжілісі сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Мәжіліс бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер, екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді мақұлдады.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бұл келісімнің Иранмен сауда үшін қолайлы жағдай жасау мақсатымен жасалғанын айтып: “Жаңа келісім тауар номенклатурасының 90 пайызға жуығы бойынша бажсыз сауданы қарастырады. Иран көптеген тауарға нөлдік баждарды қолдануға және саудаға шектеу қоймауға міндеттеме алады”, – деді.
Алайда, Ираннан ірі қара мал мен құс еті, сүт өнімдері, қант, спирт, темекі, балалар тағамы, бал, полимерлер және мұнай-химия өнеркәсібінің басқа да өнімдері, гербицидтер және орауыш қаптар сияқты ерекшеленген тауарларды әкелу кезінде импорттық кедендік баждар сақталады.

















