Қытайдың Ирандағы елшісі Цун Пэйу елінің Иранның оңтүстігімен экономикалық байланысты нығайтуға дайын екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, сәрсенбі күні Цун Пэйу Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас қаласында Хормозган провинциясы губернаторының орынбасары Эһсан Камранимен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Елші сөзінде Қытайдың Бендер-Аббаста Бас консулдығының жұмыс жасап жатқанын айтып, елінің Иранның оңтүстігінде экономикалық байланысты кеңейтуге дайын екенін қуаттады.
Цун Пэйу Хормозган провинциясының бірегей географиялық орны мен жергілікті халықтың экономикалық қызметпен белсенді айналысуы екіжақты экономикалық қарым-қатынастың дамуына ықпал ете алатынын баса айтты.
Елші сөзінің жалғасында кейбір кедергілер жойылған жағдайда, Бендер-Аббастағы Хормозган белсенділеріне виза беруге дайын екенін мәлімдеді.
Цун Пэйу елінің Иранмен қарым-қатынасты дамытуға бейілділігін қуаттап, университеттер арасындағы ынтымақтастық, сондай-ақ туризм және тропикалық жеміс өсіру сияқты әртүрлі сауда және экономикалық секторларға инвестиция салу алдағы маңызды қадамдар болуы мүмкін екенін айтты.


















