Қытайдың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Гэн Шуан Израильді Сирияға қарсы шабуылдарын тоқтатуға шақырды.
Еуразия Тудейдің CGTN телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қытай дипломаты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия мәселесіне арналған отырысында жасаған мәлімдемесінде Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Гэн Шуан Израильді Сириядағы шабуылдарын және шетелдік күштердің Сириядағы заңсыз әскери қатысуын тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар Қытайдың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары мүдделі тараптарды барынша ұстамдылық танытып, аймақ елдерінде, соның ішінде Сирияда тұрақтылықты сақтау үшін күш салу қажеттігін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қытай дипломаты аймақтан тыс ірі державаларды аймақтағы шиеленісті азайтуда сындарлы рөл атқаруға шақырды.
Гэн Шуан халықаралық құқық пен Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сәйкес лаңкестік шабуылдармен күресу үшін халықаралық қауымдастықты күш біріктіруге шақыратынын айтты. Израиль соңғы жылдары Дамаск пен Сирияның әртүрлі аймақтарына жиі шабуыл жасауда.




















