Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды.
Еуразия Тудейдің Ақорданың ресми Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөз сөйлеп, өзекті мәселелерге тоқталды. Президент сөз басында Ұлттық Құрылтай өтіп жатқан Қызылорда қаласының тарихи маңызына тоқталып: “Қызылорданың тарихи маңызы айрықша. Бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны мәлім. Бұл шаһарда Қазақстан болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Жалпы, “Сыр елі – жыр елі” деп бекер айтылмайды”, – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі мәдениет пен өнер екенін қуаттап, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейтінін баса айтты.
Сонымен қатар, су мәселесіне тоқталып: “Су мәселесі бойынша жүйелі түрде айналысуымыз керек”, -деді.
Тоқаев сөзінің жалғасында өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өскенін айтып: “Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш”,-деді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі мәдениет пен өнер екенін айтып, кино саласы да дамып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, Президент: “Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады”, -деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ел тарихында қалатынын атап, жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды.



















