Ресей Иранға Украинадағы жанжалды шешудің делдалы ретінде қарауға дайын.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, бұл туралы Ресей СІМ басшысының орынбасары Андрей Руденко айтты.
Руденко: «Егер Иран делдалдық әрекеттерге қызығушылық танытып, ұсыныс жасаса, онда біз оны қарастыруға дайынбыз», — деді.
Кеше, El Pais басылымы Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның Мәскеу мен Бейжіңге сапарларының қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесі негізінде Ресей Президенті Владимир Путин мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Ресей мен Украина осы жылдың соңына дейін бейбіт келіссөздер жүргізетінін жазды.
Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан Мәскеуге келгенде Владимир Путинмен Украинадағы соғысты аяқтау туралы келіссөз жүргізді. Сонымен қатар шілде айының басында Виктор Орбан Киевке барды. Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездескен кезінде Мәскеумен бейбіт келіссөз бастау үшін ең алдымен қақтығысты тоқтату қажеттігін айтты. Бұған дейін, 14 маусымда Владимир Путин Ресейдің қақтығысты реттеу бойынша бейбіт ұсыныс жасап, келіссөздер үстеліне отыруға дайын екенін айтқан болатын.
Батыс елдері Украина қақтығысының аяқталуына арналған бірнеше кездесу өткізді, соның ішінде жуырда Швейцарияда өткен Украина жөніндегі бейбітшілік саммитін атауға болады. Саммитке 50-ден астам мемлекет басшылары қатысқанымен, Ресей Швейцария саммитіне шақырылмады.

















