Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин бүгін, қыркүйек айының 30 күні ресми сапармен Тегеранға барады.
Еуразия Тудейдің Ресей министрлер кабинетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустин дүйсенбі күні Иранға ресми сапармен барып, осы елдің басшыларымен келіссөз жүргізеді.
Хабарламада: «2024 жылдың 30 қыркүйегінде Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барып, Иран Президенті Масуд Пезешкианмен және Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Арефпен келіссөз жүргізеді», — деп жазылған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, келіссөздер барысында көлік, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы бірлескен ірі жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылады.
Бұған дейін Михаил Мишустиннің Тегеранға сапары туралы Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали мәлімдеген болатын. Джалали Ресей Премьер-министрінің Иран билігімен екіжақты қарым-қатынастың даму жолдарын талқылайтынын айтып: «Мишустин Тегеранға сапары кезінде Иран билігімен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізеді»,-деді.
Иран елшісі Мишустиннің Тегеранға сапарын маңызды оқиға деп атап, Ресей Премьер-министрінің бұл сапары Иран мен Ресейдің сауда-экономикалық саладағы қарым-қатынасына серпін беруі мүмкін екенін айтты. Джалалидің айтуы бойынша, Ресей Премьер-министрі Тегеранда Ресей Федерациясы мен Иран арасындағы стратегиялық серіктестік келісімін талқылайды.



















