Ресей шетел азаматтарының визасыз кіру және шығу процедурасына байланысты эксперимент жүргізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, дүйсенбі күні Қазақстандағы Ресей елшілігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Елшілік сайтында: “2025 жылдың 30 маусымынан бастап 2026 жылдың 30 маусымына дейін Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Ресей Федерациясына кіру және шығу ережелері мен шарттары бойынша эксперимент жүргізіледі”,-деп жазылған.
Дипломатиялық өкілдіктің мәліметінше, Ресейге визасыз кіруді жоспарлап отырған шетел азаматтары бірыңғай сәйкестендіру және аутентификация жүйесінде алдын ала тіркеуден өтіп, ruID мобильді қосымшасы арқылы электронды түрде Ресей Федерациясына кіру туралы өтініш беруі керек.
Елшіліктің мәліметінше, кіру туралы өтініштің болмауы Ресей шекарашыларының шекаралық бақылауына әсер етпейді. Дегенмен, Ресей аумағында мемлекеттік онлайн қызметке, Ресей операторларының ұялы байланыс қызметіне төлем жүргізу мүмкіндіктері мен басқа да артықшылықтарға қол жеткізу мақсатында ruID қосымшасы арқылы тіркеуден өтуге кеңес береді.
Жаңа ережеге сәйкес, кіру туралы өтініш алдын ала сапардан 72 сағат бұрын және 90 күннен ерте емес мерзімде берілуі тиіс.
Төтенше жағдайларда, мысалы, туысының сырқаттануы немесе қайтыс болған жағдайда, кіру туралы өтінішті төрт сағат ішінде рәсімдеуге болады. Ал бұл үшін арнайы жағдайларды растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
Ресейге кіргеннен кейін 10 күн ішінде бірыңғай биометриялық жүйеде тіркеуді аяқтау қажет. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжаттармен банк бөлімшесіне бару керек.



















