Ресей Федерациясы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов Тегеранда ирандық әріптесі Каземи Қумимен кездесті.
Еуразия Тудейдің ІRAF агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, жексенбі күні Тегеранға ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов Иранның Ауғанстан істері жөніндегі арнайы өкілі Хасан Каземи Қумимен кездесті.
Замир Кабулов 8 маусым күні өткен Ауғанстан бойынша Байланыс тобының екінші кездесуіне белгілі себептерге байланысты қатыса алмады. Шараға Ресей тарапынан осы елдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов қатысты.
Иран, Пәкістан, Қытай және Ресей өкілдерінің қатысуымен Ауғанстан бойынша Байланыс тобының екінші төртжақты кездесуі 8 маусымда Иран астанасы Тегеранда өтті.
Төрт ел өкілдерінің кездесуі 19 мамырда тікұшақ апатынан қаза тапқан Иран Президенті Ибраһим Раиси мен Иран СІМ басшысы Хоссейн Амир Абдуллаһианды еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды.
IRNA агенттігінің мәліметінше, мұндай форматтағы кездесу екінші рет өткізіліп отыр. Шара алғаш рет 2024 жылдың бірінші тоқсанында Иранның бастамасымен Кабулда өтті.
Осыдан бірнеше күн бұрын Замир Кабулов «Ауғанстан бойынша арнайы өкілдер мен БҰҰ Бас хатшысының кезекті кездесуі Дохада 30 маусым мен 1 шілде аралығында өтуі тиіс. Бірақ оның алдында біз осы сенбіде Тегеранда бас қосамыз»,- деп мәлімдеген болатын.



















