Ресей Федерациясы визасыз келген алғашқы Иран Ислам Республикасының туристер тобын қабылдады.
Кеше, 22 қыркүйекте визасыз режим бағдарламасы аясында Ираннан алғашқы туристер тобы Минеральные Воды қаласына келді. Бұл туралы Ресейдің Федералдық кеден қызметі хабарлады.
Ресейдің Федералдық кеден қызметінің мәліметінше, Ираннан келген туристердің алғашқы визасыз тобы 6 адамнан тұрады. Олар кеше «Дубай — Минеральные Воды» рейсімен Ресейге ұшып келді.
Ставрополь губернаторы Владимир Владимиров сөзінше, Ираннан келген қонақтар жергілікті көрікті жерлермен танысады, сонымен қатар туризм индустриясының өкілдеріне арналған іскерлік миссияға қатысады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали «Известия» газетіне берген сұхбатында Иран мен Ресейдің визасыз топтық туристік сапарлар туралы келісімді жүзеге асыруда алғашқы қадамдар жасап жатқандығын мәлімдеген болатын.

















