Сегіз мұсылман елі Израиль қоныстанушыларының Әл-Ақса мешітіне басып кіруін қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркия, БАӘ, Индонезия, Қатар, Мысыр, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иорданияның Сыртқы істер министрлері Израиль қоныстанушыларының Әл-Ақса мешітінің аумағына баса-көктеп кіруін қатаң айыптап, бірлескен мәлімдеме жасады.
Сыртқы істер министрлері бұл әрекетті Иерусалимдегі тарихи әрі құқықтық мәртебені бұзу және аймақтағы жағдайды әдейі шиеленістіру деп бағалады.
Министрлер бірлескен мәлімдемесінде Израильдің Әл-Ақса мешіті аумағында туындатқан шиеленісті батыл айыптап, режимнің әсіре оңшыл министрлерінің бастауымен әрі қауіпсіздік күштерінің қорғауымен қоныстанушылардың мешітке жаппай басып кіруіне қатаң қарсылық білдірді.
Құжатта, сонымен қатар, Әл-Ақса аумағында Израиль туының көтерілуі, Израиль полициясының екі шатыр орнатуы және өзге де арандатушылық әрекеттер қатаң сынға алынды.
Министрлер мұндай арандатушылық әрі жол бергісіз әрекеттердің халықаралық құқықты, БҰҰ-ның тиісті қарарларын, сондай-ақ басып алынған Шығыс Иерусалимдегі қасиетті орындардың тарихи әрі құқықтық мәртебесін дөрекі түрде бұзатынын мәлімдеді.
Мәлімдемеде Израильдің әсіре оңшыл министрлері мен радикалды топтарының заңсыз, экстремистік арандатушылық әрекеттері, басып кіруге шақыратын мәлімдемелері және зорлық-зомбылық қадамдары да қатаң айыпталды.
Құжат авторлары мұндай арандатушылық әрекеттер өшпенділік пен экстремизмді ушықтырып, «екі мемлекет» қағидатына негізделген әділ әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге кедергі келтіретінін ескертіп, Израильдің басып алынған Иерусалимге, сондай-ақ ондағы киелі орындарға қатысты ешқандай егемендік құқығы жоқ екенін атап айтты.
Министрлер Израильдің «басқыншы мемлекет» ретінде оккупацияланған Иерусалимнің тарихи, құқықтық әрі демографиялық келбетін өзгертуге, сондай-ақ қаладағы мұсылман мен христиандардың киелі орындарының мәртебесін әлсіретуге бағытталған жүйелі әрекеттері мен саясатын айыптады.
Түркия, БАӘ, Индонезия, Қатар, Мысыр, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иорданияның Сыртқы істер министрлері халықаралық қауымдастықты батыл ұстаным танытып, Израильдің Иерусалимдегі киелі орындарға қатысты заңсыз әрекеттері мен құқық бұзушылықтарын тоқтатуға шақырды.



















