Әзірбайжан, Түркия және Грузия Сыртқы істер министрлерінің 10-шы үшжақты кездесуі Түркияда өтетіні нақтыланды.
Бұл туралы Грузияның Сыртқы істер министрі Илья Дарчиашвили Әзірбайжан, Грузия және Түркия СІМ басшыларының Бакуде өткен 9-шы үшжақты кездесуінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
Илья Дарчиашвили үшжақты кездесуде талқыланған мәселелерге тоқталып, бірлескен өңірлік жобаларға баса мән берілгенін және олардың толық форматта жүзеге асырылуын атап өтті.
Министрдің айтуы бойынша, Азиядан Еуропаға энергия тасымалдау және Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы үш елдің ынтымақтастығы маңызды.
Сонымен қатар, Грузия Сыртқы істер министрінің айтуынша, кездесу барысында тараптар Баку-Тбилиси-Джейхан, Баку-Тбилиси-Эрзурум жобаларын жүзеге асыруға баса назар аударған.
Дарчиашвили үш ел арасындағы транзиттік әлеуетті арттыру үшін тығыз байланыста болу керектігін қуаттады.
Айта кетейік, кеше, Бакуде Әзірбайжан, Түркия және Грузия СІМ басшыларының 9-шы үшжақты кездесуі өтті.
Кездесуде Әзірбайжан, Түркия және Грузия Сыртқы істер министрлері үшжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу нәтижесінде келесі кездесудің өтетін орны белгілі болды.



















