Швеция 2024 жылғы 11 наурыз күні ресми түрде НАТО-ның 32-ші мүшесі болады.
BNN Breaking сайтының хабарлауы бойынша, барлық процедуралар аяқталып, Швеция ресми түрде НАТО-ның 32-ші мүшесі болып тіркелмек.
Швецияны соңғы болып Венгрия қолдады. Енді дәл осы 11 наурыз күні НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде Швеция туы көтеріледі.
11 наурызда Бельгияда өтетін шараға Швеция Премьер-министрі Ульф Кристерссон, Швеция Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Микаэль Бюден және тағы басқа бірқатар саясаткер қатысады.
Швеция Украинада соғыс басталғаннан кейін НАТО-ға кіру жөніндегі жоспарын жариялады. 2022 жылғы 18 мамырда Швеция Финляндиямен бір уақытта НАТО құрамына кіру туралы өтініш берді.
Финляндия 2023 жылдың сәуірінде НАТО-ның 31-ші мүшесі болды.
Швецияның Солтүстік Атлантикалық Альянс құрамына кіруі Түркия мен Венгрияның қарсылығына байланысты созылды.
Анкара Швецияның Күрдістан жұмысшы партиясының содырлары мен жақтастарына деген қарым-қатынасына наразы болды. Артынша, Түркия Швецияның НАТО-ға қосылуын 2024 жылғы қаңтарда ресми түрде мақұлдады.
Венгрия Парламенті келісімді 26 ақпан күні ратификациялады. Сейсенбі, 5 наурыз күні Швецияның НАТО құрамына кіру өтінішін Венгрияның жаңа президенті Тамаш Шуйок мақұлдады.



















