2023 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Республикасының төрағалығымен бейнеконференцбайланыс форматында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы өз сөзінде Үндістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткені үшін осы елдің Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтап, Беларусь Республикасының да Ұйымға мүше болу процесі аяқталуға жақын екенін атап өтті.
Президент ШЫҰ-ны құруға әуел бастан атсалысқан мемлекет ретінде Қазақстанның осы беделді ұйымға алдағы төрағалығы аясында ШЫҰ кеңістігіндегі достық пен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосып, оның жаһандық рөлін арттыруды жалғастыратынын айтты.
Мемлекет басшысы Ұйымға мүше барлық мемлекет үшін стратегиялық мәні бар басымдықтарға тоқталды.
Президент Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салу қажет деп есептейді. Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Сондай-ақ Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн. Қазақстан тарапы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі бастамаға тағы да тиісті деңгейде мән беру қажет деп есептейді.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуді екінші басымдық ретінде атады. Президенттің айтуынша, географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады.
«Төрағалық ету кезегін қабыл ала отырып, ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейбітшілік және өркендеу ісін одан әрі нығайта түсу үшін ұйымдағы мәртебесіне қарамастан барлық елмен арадағы белсенді және табысты жұмысты жалғастырамыз, – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын келесі жылы Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуға шақырды.
Сонымен қатар жиында Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, бақылаушы мемлекеттердің басшылары Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух және құрметті қонақ ретінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сөз сөйледі.



















