21 мамыр күні Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 13 мамыр күні апталық брифингте мәлімдеді, деп жазады Еуразия Тудей сайты.
Айбек Смадияровтың айтуы бойынша, іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшылары, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы (ӨТҚҚ) Атқарушы комитетінің директоры қатысады.
Аталмыш отырыста биыл Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Басшылары Кеңесінің отырысына әзірлік барысы талқыланады деп күтілуде.
Сонымен қатар, делегация басшылары ШЫҰ аясындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы халықаралық және өңірлік жағдай, қауіпсіздік және ынтымақтастықты арттыру мәселелерін талқыға салады.
Іс-шара барысында Ұйымның келешек саммитінің қорытынды құжаттарына байланысты бірқатар шешімдерге қол қойылып, Ақпараттық хабарлама қабылданады деп жоспарлануда.



















