Иран Сыртқы істер министрлігі Дональд Трамптың Тегеран мен Вашингтон арасында келіссөз жүріп жатыр деген мәлімдемесін ресми түрде теріске шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бақайи мәлім етті.
Мұның алдында АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен келісім жасауға дайын екенін айтып, Тегеран да бұл мәселеге үлкен қызығушылық танытып отыр деген пікір білдіріп: “Мен олардың келісімге өте мүдделі екендігіне сенімдімін. Мен бұған толығымен ашықпын. Біз олармен байланысып, бұл үдерісті бастап жатырмыз”,- деді.
Бақайи Тегеранның дәстүрлі ұстанымын растап, Вашингтон әскери қысым саясатын жалғастырып отырған кезде АҚШ-мен диалог жүргізу мүмкін емес екенін баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде өзара құрметке сенбейтін және Иранға қарсы әскери басқыншылығымен мақтанатын тараппен келіссөз жүргізу қисынға қайшы екенін атап айтты.
Аталмыш мәлімдеме Иранның басқыншылық актісі ретінде қарастыратын АҚШ пен Израильдің маусым айындағы 12 күндік бірлескен қадамына сілтеме жасап жазылған.

















