Словакия Тәжікстанмен сауда қатынастарын кеңейтуге және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын.
Тәжікстан Республикасы Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша осы ведомствоның басшысы Азим Иброхим Словакияның Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Виктор Борецкомен, Словакияның экспорт және импорт банк директоры Михаил Демакпен және Словакияның «Betamont» компаниясының директоры Ростислав Бабицпен кездесті.
Кездесу барысында Виктор Борецко Словакия Тәжікстанмен сауда қатынастарын тиімді дамыту мақсатында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар Словакияның экспорт және импорт банкі жол көлігі саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Тәжікстанға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Betamont» компаниясының басшысы компанияның жол көлігі жобаларын іске асырудағы озық тәжірибесіне сүйеніп, Тәжікстанды ынтымақтастық орнатуға шақырды. Өз кезегінде Тәжікстан Республикасының Көлік министрі Азим Иброхим инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында екі ел арасындағы қатынастарды дамытуға мүдделілігін білдірді.
Келіссөздер соңында Тәжікстан Республикасының Көлік министрлігі мен Словакияның экспорт және импорт банкі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.


















