Маңғыстау дәрігерлері Түркияның көпсалалы медициналық орталықтарының бірі Acibadem Altunizade клиникасында тағылымдамадан өтті. Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері Ыстамбұлдың медициналық орталықтарында неонатология, педиатрия, анестезиология, кардиология, травматология бағдарламалары бойынша тағылымдамадан өтті.
Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шара Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Тағылымдамадан өткен дәрігерлердің қатарында фармаколог, педиатр, балалар кардиологы, анестезиолог-реаниматолог, балалар травматологы, инфекционист және ЛОР мен хирург дәрігерлері бар.
Түркияда тағылымдамадан өткен Маңғыстау дәрігерлері әртүрлі ауруларды диагностикалау және емдеудің озық үлгілері туралы білімдерін байытты.
Халықаралық үлгідегі сертификаттар алған дәрігерлер енді жергілікті әріптестерімен шетелде алған тәжірибелерімен бөлісуді жоспарлап отыр. Acibadem Altunizade клиникасы — Түркияның ең заманауи медициналық мекемесі. Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған клиниканың білікті дәрігерлер тобы жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік емделушілерге де өз көмегін ұсынуда.
















