«WAM» ақпарат агенттігінің бас директоры әрі Жаһандық медиа конгрестің Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мохаммед Джалал Ал-Раиси түркімен тарапын 2024 жылдың күзінде Абу-Дабиде өтетін Жаһандық медиа конгреске шақырды.
Түркіменстан СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 2023 жылғы 25 қаңтарда Түркіменстан Сыртқы істер министрлігінде Түркіменстанға алғашқы жұмыс сапарымен келген БАӘ-нің «WAM» ақпарат агенттігінің делегациясымен келіссөз жүргізілді.
Кездесу барысында Түркіменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Мяхри Бяшимова мен WAM агенттігінің бас директоры Мохаммед Джалал Ал-Раиси ақпарат саласындағы екіжақты түркімен-әмірлік ынтымақтастығының негізгі бағыттарын атап өтті.
WAM бас директоры түркімен тарапын өзі басқаратын агенттік қызметімен таныстырып, БАӘ делегациясының Түркіменстанға сапарының ақпараттық ынтымақтастық бойынша жемісті байланыстар орнатудағы маңыздылығына тоқталды.
Тараптар ақпараттық агенттіктердің жұмысын жолға қоюдың маңыздылығын тағы қуаттап, екі елдің жетістіктері саласындағы жаңалықтармен алмасуды қолдауға келісті.
«WAM» ақпарат агенттігі – БАӘ-нің мемлекеттік мекемесі. Әлемнің 20-ға жуық тілінде жаңалық тарататын агенттік 1976 жылы қараша айында құрылған.
БАӘ-дегі ұлттық кеңселерінен бөлек басқа елдерде, соның ішінде Каир, Бейрут, Вашингтон, Сана, Брюссель және Исламабадта халықаралық кеңселері бар.
Айта кетейік, алғаш 2022 жылы басталған Жаһандық медиа конгресс екінші рет 2023 жылдың 14-16 қарашасында Абу-Дабиде өтті.



















