Татарстан астанасы Қазан қаласынан Иранға тікелей рейстер шілде айынан бастап іске қосылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Mahan Air әуе компаниясы Қазан — Тегеран — Қазан бағыты бойынша тікелей рейстерді орындайды.
Екі қала арасындағы алғашқы рейс 2 шілдеде ұшады.
Қазан әуежайының Telegram арнасы келтірген мәліметте: “Mahan Air әуе компаниясы 2025 жылдың 2 шілдесінен бастап аптасына екі рет Қазан — Тегеран — Қазан бағыты бойынша тікелей рейстерін іске қосады. Келісімге Татарстан Раисының қолдауымен осы елдің делегациясы мен Mahan Air әуе компаниясының өкілдері арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілді”, — деп жазылған.
Рейстер дүйсенбі және сәрсенбі күндері жүзеге асырылады.
Татарстан Республикасының туризм жөніндегі мемлекеттік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Татарстанның туристік әлеуетін Иранда танымал етуге, сонымен қатар Татарстан тұрғындары үшін Иранды тартымды бағыт ретінде қарастыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
















