Иранда өткен конференцияда Қазақстан әскери қызметшілерге қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатын таныстырды.
Еуразия Тудейдің Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Тегеранда өткен Азия бойынша халықаралық әскери спорт кеңесінің 8-ші конференциясында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов әріптестерін қазақ күресінен CISM бірінші әлем чемпионатына қатысуға шақырды.
Анонстық роликте конференция делегаттарына қазақ дәстүрлері байлығы ұсынылып, ұлттық күрес ережелері түсіндірілді.
ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник А. Әбеуов; «Қазақ күресі – ең көне спорт түрлерінің бірі. Біздің күресіміз тек спортпен ғана шектелмейді. Бұл тарихи мұрамыздың бір бөлігі. Бүгін біз бұл спорт түрін әскери қызметкерлер арасында дамытуға бар күшімізді салудамыз», — деді.
Полковник Арман Әбеуов турнир достықты нығайтуға және спорттық бауырластықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Әскери-спорт ұйымдарының басшылары үшін ол қазақ күресі бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Қазақ күресі бойынша әлем чемпионаты осы спорт түрін насихаттауға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы позициясын нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болмақ.
CISM Азия жөніндегі вице-президенті бригада генералы Рашид әл-Досаридің басшылығымен өткен іс-шараға Ауғанстан, Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Қазақстан, Камбоджа, КХДР, Оман, Пәкістан, Корея Республикасы, Тайланд, Түрікменстан, Шри-Ланка делегациялары, сондай-ақ Тәжікстан мен Жапониядан келген бақылаушылар қатысты.












