Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазір Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық өркендеп, көптеген негізгі салаларда оң динамика байқалады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесуде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне ілтипат білдіріп, оның бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитіне қатысуы мемлекетаралық көпқырлы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы: «Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Экономикалық байланыста нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп есептеймін. Басқа да салалар бойынша, әсіресе, мәдени-гуманитарлық бағытта ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Күн тәртібіндегі жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та күш жұмылдыратынын ескерсек, өзара тиімді қарым-қатынастың келешегі зор», – деді.
Президенттің пікірінше, қазір Астана мен Ашхабад арасындағы ынтымақтастық өркендеп, көптеген негізгі салаларда оң динамика байқалады.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов: “Орталық Азия елдері мен Италия жоғары деңгейдегі осындай форматта тұңғыш рет келіссөз жүргізіп отыр. Саммит қорытындысы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенімдімін”, – деді.

















