Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагиммен келіссөз жүргізді.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Астана қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ануар Ибрагим екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселерді талқылады.
Малайзия делегациясымен кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Малайзияны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды және сенімді серіктестерінің бірі деп атады.
«Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық әрі өзара ынтымақтастық байланыстырады. Бізде бұл салада жақсы дәстүрлер қалыптасқан. Сондықтан Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Малайзия арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға қуатты серпін береді деп сенемін. Біз көптеген маңызды салалардағы өзара іс – қимыл мен ынтымақтастығымызды ілгерілету мақсатында қосымша күш салуға дайынбыз»,-деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнаған 30 жылында өзара тиімді ынтымақтастықтың берік іргетасы қалыптасып, барған сайын маңыздырақ бола түсуде.
Ануар Ибрагим Қазақстан басшысына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, бұл сапарға маңызды мән беретінін атап өтті.
Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Ануар Ибрагимнің ресми сапарының тарихи мәні барын атап, бұл сапардың Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атады.
«Біз малайзиялық компаниялардың қатысуымен жаңа табысты жобаларды іске асыруды құптаймыз. Осыған байланысты Қазақстан үкіметі қажетті көмекті көрсетуге дайын. Сонымен қатар, екі елдің азаматтары мен кәсіпкерлері өзара 30 күндік визасыз режимді және ыңғайлы тікелей әуе қатынасын пайдаланады. Сондай-ақ, 500-ден астам қазақстандық студенттердің Малайзия университеттерінде оқитынын атап өткім келеді. Олардың екі мемлекет арасындағы «алтын көпір» қызметін атқаратынына күмән жоқ», деді сөзінде Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ануар Ибрагим «Біз өсіп келе жатқан экономикалық қатынастардан барынша пайда таба аламыз. Бізде нақты ұсыныстар бар. Біз Сіздің министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері бойынша екіжақты кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияда тауарлар нарығы орасан зор», — деді.
Ануар Ибрагим сөзінде Малайзияның АҚШ, Еуропа, әсіресе Германия және Қытайдың айтарлықтай инвестиция салуымен компьютер чиптерін шығаратын аймақтық хабқа айналғанын атап өтті. Малайзия Премьер-министрі елінің осы тәжірибемен бөлісе алатынын және Қазақстанда сәтті жүргізілген тәжірибесінен үлгі алуға ниетті екенін жеткізді.
Сөзінің жалғасында: «Әрине, халал индустриясы сияқты салаларды да назарға ала, ислам банкингінің болашағын қарастырамыз»,-деді Премьер-министр.
Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында көлік-транзит, энергетика, қаржы және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестік мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Тараптар БҰҰ, ИЫҰ және АӨСШК сынды халықаралық құрылымдардағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік білдірді.




















