Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа “Devlet Nişanı” орденін табыс етті.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы болып табылатын “Devlet Nişanı” орденін алу зор мәртебе екенін айтып, Президент Режеп Тайып Ердоған мен барша түрік халқына алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, аймақтық және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы қосып отырған үлесін жоғары бағалап, оны тарихи тұлға деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мәртебесін нығайту мақсатында теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асырып жатқанын қуаттады.
Режеп Тайып Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге қосқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлесін жоғары бағалап, Түркия мен түрік халқы Қазақстанның жетістігін мақтан тұтатынын айтты.
Салтанатты жиынға 80-ге жуық дипломатиялық корпус өкілдері, Түркияның қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалары мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.



















