АҚШ Президенті Дональд Трамп Иранмен өзара түсіністікке қол жеткізгенін жариялағаннан кейін бұдан басқа тиімдірек таңдауы болмағанын екінші рет мойындады.
Жұма күні АҚШ басшысы Иранмен келісім жасаудан басқа амалы қалмағанының себептерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол Axios басылымына берген сұхбатында Иранды бомбалаудың Вашингтон мен әлемдік қауымдастық үшін ешқандай пайдасы жоқтығын, сондай-ақ бұл қадам Ормұз бұғазының ашылуына еш ықпал етпейтінін ашық мәлімдеді.
Axios порталының жазуынша, Трамп бұл сұхбатында келісімнен бас тартудың балама нұсқалары жағдайды одан сайын ушықтырып жіберетінін мойындаған. Трамп өзінің соғысқұмар сыншыларының «Иранға неліктен қаталдық танытпадыңыз?» деген сауалына ашуланып, былай деп жауап берді: «Одан да қатал болудың жалғыз жолы — ол жаққа тағы екі-үш аптаға барып, оларды үздіксіз бомбалау еді, солай емес пе? Бірақ бұл бізге не береді? Ормұз бұғазы бәрібір ашылмайды.
Біз айлар бойы мұнайсыз қаламыз. Сіздер бомба тастап жатқан кезде, бұғаз автоматты түрде жабық тұрады. Бұл жағдай әлемдік экономикалық дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін».
Басылымның сенімді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп жеке кездесулерде әлемдік мұнай қорының таусылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген және бұғаз жабық қалса, жаһандық мұнай шогы туындайтынын айтқан.
Бұған дейін «Ормұз бұғазы Иранның емес, АҚШ-тың бақылауында» деп мәлімдеген Трамп, Францияда өткен G7 (Үлкен жетілік) саммитінің қорытынды сөзінде де Тегеранмен келісімді қорғап сөйлеген болатын. Ол Иранмен тіл табысудан басқа ешқандай нұсқасы болмағанын, өйткені әлемдегі мұнай қоры 4 аптаның ішінде сарқылу алдында тұрғанын айтты.
АҚШ Президенті бұл жағдайды былай деп сипаттады: «Егер мен басқа жолды таңдап, оларды бомбалауды жалғастыра бергенімде қолымнан ештеңе келмес еді. Ал бұл келісімнің тиімділігі — оның кемелердің өтуіне мүмкіндік беретіндігінде. Егер бомбалауды тоқтатпасақ, кемелер қозғалмайды, бұл дегеніңіз күніне 500, 600 немесе 700 миллион доллар шығын деген сөз. Бұл өте қомақты сома. Сондықтан бүкіл әлем келісімге риза».
Ол сонымен қатар келісім болмағанда, тек әлемдік қана емес, АҚШ-тың да өз мұнай қоры 4 аптада бітетінін ескертті.
АҚШ Президентінің бұл мойындауы оның маусымның 10-ында айтқан өркөкірек мәлімдемелерінен кейін жарияланып отыр. Ол кезде Трамп АҚШ-тың құпия операциясы арқылы Ормұз бұғазынан бірнеше миллион баррель мұнай өткізгеніне мақтанған болатын. Тіпті «Truth Social» әлеуметтік желісінде АҚШ армиясына мұнай танкерлері мен коммерциялық кемелерді қорғау үшін құпия миссия жүктегенін жазған болатын.
Трамп өз жазбасында асыра сілтеп, сол операция нәтижесінде бұғаздан 100 миллион баррельден астам мұнай мен 200-ден астам коммерциялық кеменің толық қауіпсіздікте өткенін хабарлаған еді. Дегенмен, сарапшылар бұл мәлімдемелердің егжей-тегжейін тексеру барысында Трамп келтірген цифрлардың қолданыстағы ресми және нақты деректерге мүлдем сәйкес келмейтінін анықтады.













