АҚШ Президенті Дональд Трамп Венесуэла Президенті Николас Мадуромен телефон арқылы сұхбатта оған отставкаға кетіп, елден шығу үшін бір апта уақыт берген.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, сейсенбі, 2 желтоқсан күні Reuters агенттігі төрт дереккөзге сілтеме жасап мәлім етті.
Трамп 21 қараша күні Мадуро және оның отбасына өздері таңдаған кез келген елге баруды ұсынған.
Мадуро Трампқа егер өзіне және отбасы мүшелеріне салынған санкциялар алынып, құқықтық амнистия берілсе, отставкаға кетіп, Венесуэладан шығуға дайын екенін айтқан.
Сондай-ақ, Мадуро ел басшылығындағы шамамен жүз адамға да амнистия сұраған.
Мадуро мен Трамптың сұхбаты шамамен 15 минутқа созылған. Трамп телефон арқылы болған әңгімеде бұл шарттарға келіспей, Мадуроға елден кету үшін бір апта берген.
Бұл мерзім 28 қараша күні аяқталды. Содан кейін Трамп Truth Social желісінде Венесуэла әуе кеңістігінің жабылғанын жариялап, бұл мәлімдемені барлық әуе компанияларына, пилоттарға, есірткі саудагерлеріне және адам контрабандасымен айналысатындарға жолдады.
Венесуэла Сыртқы істер министрлігі Ақ үй басшысының бұл сөзін халықаралық құқықты бұзу және Каракастың егемендігіне қауіп төндіру деп атады.
Айта кетейік, Америка Құрама Штаттары Венесуэла және осы елдің президентін есірткі саудасына жол берумен айыптап, есірткі тасымалдауы мүмкін деген кемелеріне үнемі шабуыл жасап отырады.
Каракас бұл айыптауларды теріске шығарып, Вашингтонның бұл қысымын Мадуроны биліктен кетіруге бағытталған әрекет деп атады.



















