АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің онымен кездесуге ниет білдіргенін және дайындық жұмыстары басталғанын айтты.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Дональд Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында республикашыл губернаторлармен кездесуден кейін журналистер алдында сөйлеген сөзінде Ресей мен Украина соғысына қатысты пікір білдіріп, Путинмен кездесу ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.
Трамп: “Путин менімен кездескісі келеді. Біз бұл кездесуді ұйымдастырамыз. Президент Путин кездесуге ниетін ашық түрде білдірді. Біз бұл қанды соғысты тоқтатуымыз керек”,- деді.
Алайда, Трамп ықтимал кездесудің қашан болатынын нақты айтпады.
Бұған дейін Трамп қызметіне кіріскеннен кейін Ресей мен Украина арасындағы соғысты тезірек тоқтатуға ниетін және бұл мәселені Ресей президентімен талқылауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.



















