АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыстың алғашқы алты айында Ислам Республикасы туралы кемінде 319 жазба жариялаған.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, «Al Jazeera» басылымы Дональд Трамптың «Truth Social» әлеуметтік желісіндегі 2026 жылғы 28 ақпан мен 25 тамыз аралығындағы жазбаларын талдаған. Осы кезеңде АҚШ президенті Иран тақырыбына орта есеппен әр 14 сағат сайын қайта оралған.
Трамп аталған алты айда кемінде 4 189 жарияланым жасаған. Бұл тәулігіне шамамен 24 жазба болады.
Осылайша, Иранға қатысты жазбалар оның барлық жарияланымдарының 7,6 пайызын немесе әрбір 13-ші жазбасын құрады.
Ішкі саяси мәселелер мен 2026 жылғы аралық сайлау қызу талқыланған кезең үшін бұл бір ғана сыртқы саяси тақырыпқа берілген өте жоғары көрсеткіш.
Трамптың Демократиялық партия мен ішкі сайлауға қатысты белсенділігін ескерсек, Иран тақырыбы оның жарияланымдарында айрықша орын алғанын көрсетеді.
Зерттеу Трамптың Иран туралы жазбалары Вашингтон уақытымен таңғы сағат 08:00 мен 11:00 аралығында жиі жарияланғанын көрсетеді. Бұл Тегерандағы кешкі уақытқа сәйкес келеді.
Зерттелген кезеңде «Iran» сөзі 510 рет кездескен. Бұл басқа ең жиі қолданылған сөздер жиынтығынан үш есе көп.
Сонымен қатар, жарияланымдардың едәуір бөлігі Иран мәселесімен қатар Трамптың өз саяси рөліне де арналған.
«Al Jazeera» дерегі бойынша, Трамп өзін «President Donald J Trump» немесе «President DJT» деп 221 рет атаған. Бұл Ормұз бұғазы, ядролық қару және Израиль сөздерінің жиынтық санынан да көп.
Бұл көрсеткіш соғыс оқиғалары мен АҚШ президентінің жеке рөлі, сондай-ақ ол қабылдаған шешімдердің өзара тығыз байланыстырылатынын аңғартады.
Трамп «Truth Social» арқылы әскери операциялар туралы мәлімдеме жасап, шабуыл нәтижелерін жариялады, жеңістерді, келіссөздерді талқылады және қақтығыс ушыққан сәтте Иранға қатысты қоқан-лоқы сөздерге жиі оралды.
«Al Jazeera» басылымы Трамптың әлеуметтік желідегі парақшасын қақтығысқа тікелей қатысушының көзқарасымен жазылған қоғамдық хроника ретінде қарастырады.
Трамп үшін «Truth Social» қарапайым әлеуметтік желі аясынан шығып, жақтастарына тікелей үндеу жасайтын, саяси шешімдерін ресми баспасөз конференцияларынан бұрын жариялайтын және оқиғаларға өзіндік интерпретация қалыптастыратын негізгі платформаға айналды.
Мәселен, Трамптың Харк аралына қатысты жазбасын АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс нақты соққы емес, «Иранға арналған ақпараттық хабарлама» деп атаған.
Бұл жарияланымдар Ақ үйге қоғамдық талқылауды тікелей басқаруға мүмкіндік береді.
Президент «Truth Social» әлеуметтік желі арқылы АҚШ-тың жетістіктерін, Тегеранға қойылар талаптарды және Иран қарсылық көрсеткен жағдайдағы Вашингтонның әрекеттерін өз қалауынша түсіндіріп отырады.
Сондай-ақ, бұл коммуникациялық тәсіл Трамптың ішкі саяси аудитория алдында қатаң әскери көшбасшы ретіндегі имиджін нығайтуға қызмет етеді.
Иран төңірегіндегі жарияланымдар тек жеке реакция емес, үлкен ақпараттық-саяси науқанның маңызды бөлігі болып табылады.
Иран мәселесі қақтығыстың алғашқы алты айында күн сайын көтеріліп, «Truth Social» платформасын АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің басты ақпараттық құралына айналдырды.


















