Түрікменстан теміржол желілерін заманауи талаптарға сай жаңартып, Қытаймен көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түрікменстан теміржол инфрақұрылымын жаңғыртқаннан кейін Қытай – Орталық Азия – Еуропа көлік дәлізінің негізгі логистикалық орталығына айналуды жоспарлады.
Бұл туралы Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасында өткен түрікмен-қытай форумында осы елдің Теміржол көлігі министрі Маммет Акмаммедов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Теміржол көлігі министрлігі Ашхабад – Түрікменбашы желісін жаңғыртудың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға халықаралық байқау жариялады. Жоба жолаушылар пойыздарының жылдамдығын сағатына 160 шақырымға дейін, жүк пойыздарын 90 шақырымға дейін арттыруды, сондай-ақ тәуліктік өткізу қабілетін 35 жұп пойызға дейін ұлғайтуды қарастырады.
Министр жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Түрікменстан жай ғана транзиттік нүкте емес, Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттары бойынша толыққанды логистикалық торапқа айналатынын атап айтты.
Министрдің сөзінше, Қытайдың алдыңғы қатарлы компаниялары Түрікменстанда жүйрік пойыздар желісін салуды ұсынып отыр. Елдің теміржол саласын жаңартуда Қытайдың озық тәжірибесі негізгі үлгі ретінде алынбақ.
Сондай-ақ, Маммет Акмаммедов теміржол саласындағы Қытай өндірушілерімен ынтымақтастық 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын атап айтты. Осы уақыт ішінде Түрікменстан 180 дизельді локомотив пен 423 жолаушылар вагонын сатып алған.



















