Түркия СІМ Израильдің «геноцидтік саясаты» палестиналықтарға да, израильдіктерге де қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркия Сыртқы істер министрлігі Израиль Сыртқы істер министрі Исраэль Кацтың әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты жазбаша түрде мәлімдеме жасады.
СІМ мәлімдемесінде: «Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің палестиналықтарға қарсы қылмыстарын айыптайды.
Түркия Израиль жасаған қырғындарды тоқтату үшін тынымсыз талпыныс жасап, Израильді халықаралық қоғамнан оқшаулау үшін батыл қадамдар жасауды жалғастырады. Кейбір израильдік саясаткерлердің Түркия мен ел президенті Ердоғанға негізсіз айып тағып, құрметтемеуінің нағыз себебі де осы.
Бүгінде Израиль үкіметінің геноцидтік саясаты палестиналықтарға да, израильдіктердің өздеріне де қауіп төндіреді.
Түркия Израильдің палестиналықтарға қатысты нәсілшіл және әділетсіз саясатын көрсетуді жалғастырады және палестиналықтардың өз елдерінде өз мемлекеті болғанша бұл әділ істі қорғайды», – делінген.
Еске сала кетейік, Газадағы соғысқа байланысты 9 сәуір күні Түркияның Израильге темір, мәрмәр, болат, цемент, алюминий, кірпіш, тыңайтқыштар, құрылыс жабдықтары, авиациялық отын және т.б. қоса алғанда 54 өнім тобының экспортына шектеу қою туралы шешімінен кейін осы елдің Сауда министрлігі жаңа мәлімдемесінде Израильмен барлық экспорттық және импорттық сауда қарым-қатынасы тоқтатылғанын хабарлады.



















