Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Батыстан ерекшеленетін басқару парадигмасын көрсетті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті әлемге Батыс гегемониясының логикасынан өзгеше жаңа басқару парадигмасын көрсеткенін Чепмен университетінің коммуникациялар және жаһандық зерттеулер профессоры, сарапшы Цзя Вэньшань кеше, сейсенбі күні РИА Новостиге берген сұхбатында мәлімдеді.
Цзя Вэньшань: “Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзиньдегі 2025 жылғы саммиті әлемдік тәртіпті қайта құрудың шешуші кезеңімен тұспа-тұс келді.
Украинадағы қақтығыс, Батыстағы қайшылықтар және АҚШ президенті Дональд Трамптың “Әуелі Америка” атты біржақты саясаты аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше барлық мемлекет пен бақылаушы елдердің қатысуымен өткен саммит көпжақты тәсіл мен тең құқықты кеңесулер жүргізу арқылы халықаралық қауымдастыққа Батыс гегемониясының логикасынан өзгеше жаңа басқару парадигмасын ұсынды”,- деді.
Сарапшының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті барысында Ресей, Үндістан және Қытай басшылары Владимир Путин, Нарендра Моди және Си Цзиньпиннің тең құқылы өзара іс-қимылы Батыс үстемдік ететін әрі иерархия белгілерін әлі де сақтап отырған “Үлкен жетілік” жүйесіне қарама-қайшы болды.
Айта кетейік, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қытайдың Тяньцзинь қаласында 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Саммитке 20-дан астам мемлекеттің басшысы және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы — 2001 жылы құрылған халықаралық бірлестік. Ұйымға мүше елдер– Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан және Беларусь.
Бақылаушы елдер қатарында Ауғанстан және Моңғолия, диалог бойынша әріптес елдер қатарында Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Непал, БАӘ, Түркия және Шри-Ланка бар.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі мақсаты – өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдап, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.


















