Норвегия, Испания және Ирландия елдерінің үкіметтері Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындағанын жариялады.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, сәрсенбі, 22 мамыр күні Норвегия, Испания және Ирландия елдерінің Премьер-министрлері осындай мәлімдеме жасады.
Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар Сторе мәлімдемесінде Норвегия Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын және бейбітшілік пен қауіпсіздікте қатар өмір сүретін екі мемлекетті қолдайтынын атап өтті.
Йонас Гар Сторенің айтуы бойынша, Палестина халқы тәуелсіз ел болуға құқылы. Норвегия Премьер-министрінің пікірінше, Израиль және Палестина халқының өз мемлекеттерінде бейбіт өмір сүруге құқығы бар.
Йонас Гар Сторе Палестинаны мемлекет ретінде ресми түрде мойындау туралы шешім 28 мамырда күшіне енетінін мәлімдеді.
The Irish Times басылымының мәліметінше, Норвегиядан кейін Ирландия елі де Палестинаның тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтынын хабарлады. Бұл туралы осы елдің Премьер-министрі Саймон Харрис мәлімдеді.
Euronews арнасының дерегіне сүйенсек, Испания премьер-министрі Педро Санчес те ел парламентінде 28 мамырда Палестинаның мемлекет ретінде мойындалатынын жеткізген.
Еуроодақтың үш ел үкіметтерінің мәлімдемелерінен кейін Израиль Сыртқы істер министрі Израиль Кац осы елдердің елшілерін кеңесуге дереу шақыртуды бұйырды.
Палестинаны АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Израиль сияқты елдер мойындамайды.



















