Украина мен Ресей соғысында шамамен 42 284 ресейлік жауынгердің қаза тапқаны белгілі болды.
Соғыста қаза тапқан сарбаздардың тізімін «Медиазона» баспасы жариялады. Мәліметтер бойынша колониядан соғысқа аттанған 7810 адам және мобилизацияға алынған 5089 адам соғыс кезінде көз жұмған.
Сонымен қатар, Ресей армиясы және басқа да күш құрылымдарының үш мыңнан астам офицері майданда қаза тапты.
Қаза тапқан жауынгерлердің санын зерттеу барысында ашық дереккөздер және зираттардағы мәліметтер пайдаланылған. Деректерге сүйенсек, Свердловск, Челябинск және Ростов облыстарының, сонымен бірге Бурятияның тұрғындары соғыста көп қайтыс болған.
Мәскеу мен Киев Украинадағы соғыста қанша адамнан айрылғанын жарияламауына байланысты қаза тапқандар саны нақты емес және бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін.
Себебі, Украина мен Ресей бір-бірінің шығынын ғана жариялап, өз жетістіктерін асыра жазуда. Сәтсіздіктерін кішірейтіп көрсетуге тырысуда.
Еске сала кетсек, Ресей Украинаға қарсы әскери қимылдарын 2022 жылғы 24-ші ақпанда бастады.
Ресейдің бұл әрекетін әлемнің көптеген мемлекеттері мен халықаралық ұйымдары айыптады. Қарсыластар арасындағы соғыс қазір де жалғасуда.
















