Сарапшылар Америка Құрама Штаттарындағы Ливан мен Израиль келіссөздері тек уақытша бітім әкелуі мүмкін деп есептейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ Израильге қысым жасау арқылы Ливандағы әскери қимылдарды уақытша тоқтатып, Израиль әскерлерін ішінара шығаруға қол жеткізуі мүмкін. Америка әкімшілігі Ливандағы әскери қимылдарды тоқтатуға тырысуда, өйткені бұл қадам Иранмен арадағы жағдайды сәтті реттеу үшін қажет.
Иран бұл шартты бейбітшілік келісімінің маңызды талабы ретінде алға тартып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Вашингтонда өткен үш күндік Ливан мен Израиль келіссөздері аймақта толық бейбітшілік орната алмайды, тек ұрыс қарқындылығын уақытша бәсеңдетуі мүмкін.
Ресей Ғылым академиясы Е.М. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынас институтының Таяу Шығыс зерттеулері орталығының жетекші ғылыми қызметкері Николай Суховтың түсіндіруінше, Ливан формуласы Израиль әскерін ел аумағынан толық шығаруға, шабуылдарды тоқтатуға және өңірдің оңтүстігінде жалғыз заңды күш ретінде мемлекеттік армияны орналастыру арқылы егемендікті қалпына келтіруге негізделген.
Ал Израиль Хезболла қозғалысын қарусыздандыруды, оның бүкіл әскери инфрақұрылымын жоюды, ұйымды елдің оңтүстігінен ығыстырып, ол жерде тұрақты қауіпсіздік аймағын құруды талап етуде.
Тель-Авив тек осы шарттар толық орындалғаннан кейін ғана қарым-қатынасты қалыпқа келтіру немесе ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы сөйлесуге дайын екенін білдіруде.
Николай Суховтың айтуынша, Израильдің ресми тұлғалары олар үшін басты мәселе тек атысты тоқтату емес, Хезболла тарапынан төнетін қауіптің көзін жою екенін ашық мәлімдеуде. Бұл ұстанымды нақты жеткізген Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Ливанның егемендігін Израиль емес, мемлекеттік армиядан да күштірек қарулы құрылым «Хезболла» бұзып отырғанын алға тартты.
Николай Суховтың пайымдауынша, Ливан Америка мен Иран қатынасын реттеуге көмектеседі деген үміт болғанымен, оның жүзеге асу мүмкіндігі өте төмен. Сарапшы бұл үдерістің тек атысты тоқтатудың нақты тетігі құрылып, Израиль шабуылдарын азайтқан, ал «Хезболла» уақытша соққылардан тартынған жағдайда ғана іске асатынын айтады. Сонда ғана АҚШ Иранға меморандумның Ливанға қатысты тармағы орындалып жатқанын алға тартып, ауқымдырақ келісім бойынша келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік алады.
Николай Суховтың пікірінше, бұл жолы да Ливанда толық бейбітшілік орнамайды. Тек ұрыс қимылдары бәсеңдеуі ғана мүмкін. Сарапшы, егер АҚШ Израильге шынымен қысым жасаса, әскерилердің кейбір аудандардан шектеулі түрде шығарылуын және атысты тоқтатудың ресми режимін күтуге болатынын айтады. Ал егер Вашингтон қысымды бәсеңдетсе, Израиль «Хезболла» тарапынан төнетін қауіпті сылтау етіп, шабуылдарын жалғастыра береді.
Ресей Ғылым академиясының әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының Таяу Шығыс зерттеулері орталығының Өңірлік қатынастарды зерттеу тобының жетекшісі Людмила Самарская Израиль Ливандағы күш қолдану монополиясының орталық билікке қайтарылуына мүдделі болғанымен, Бейруттің әлсіздігінен бұл мақсаттың толық жүзеге асатынына сенімді емес екенін айтады. Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Араб және ислам зерттеулері орталығының ғылыми қызметкері, «Валдай» клубының сарапшысы Григорий Лукьяновтың айтуы бойынша, Израиль Ливан армиясына да, мемлекетіне де, сондай-ақ Американың делдалдығына да сенбейтіндіктен, Ливандағы «Хезболла» нысандарына шабуыл жасамау туралы міндеттемемен өз әрекетін шектеуге еш келіспей отыр. Сарапшының айтуынша, дәл осы сенімсіздік ортақ келісімге жетудің басты кедергісі саналады.
Сонымен қатар, Ливанның Израиль ұстанымына әсер ететіндей ешқандай мүмкіндігі де жоқ. Өйткені бұл елге сенім білдіруге оның армиясының қауқарсыздығы, мемлекеттік биліктің дербес саяси еркінің жоқтығы, сондай-ақ АҚШ пен Израильдің қысымына қарамастан, ел ішінде лаңкестік ұйым деп танылмаған «Хезболланың» билікке ықпалының әлі де күшті болуы жол бермейді.
Сарапшы Григорий Лукьяновтың пікірінше, Ливан мен Израиль кездесуін АҚШ ұйымдастырды. Өйткені, Вашингтон тараптар арасындағы келісімді Иранмен келіссөздер үдерісінде негізгі басымдық ретінде пайдалануды көздеп отыр. Оның айтуынша, Ливан мен Израиль тең құқылы тараптар емес, сондықтан бұл жүздесуді шынайы келіссөз санауға келмейді. Өйткені, іс жүзінде барлық мәселе Израиль мен Вашингтон арасындағы бейресми уағдаластықтар арқылы ғана шешіледі.
Ақ үй Израиль әскерін Оңтүстік Ливаннан кезең-кезеңімен шығару жоспарын қабылдатуға тырысқанымен, ол үшін ешқандай шынайы саяси жағдай жасалмаған және екі тарапқа да нақты кепілдік берілмеген. Трамп әкімшілігін бұл жан-жақты қызықтырмайды. Олар үшін Иранмен арадағы өз келісіміне тезірек қолайлы жағдай жасау әлдеқайда маңызды.
Айта кетейік, кеше, 25 маусым күні Вашингтонда өткен Израиль мен Ливан келіссөздерінің екінші күні нәтижесіз аяқталып, тараптар атысты тоқтату бойынша ортақ мәмілеге келе алмады.
Қазіргі уақытта Тель-Авивтің Оңтүстік Ливаннан әскерін толық шығармауы басты түйткілге айналып отыр. Бейрут қарсы тарап бұл аймақтан қарулы күштерін біртіндеп алып кетуі керек деп есептесе, Израиль «Хезболла» шабуылдарын алға тартып, бұл талапты орындаудан бас тартуда. Осылайша, АҚШ-тың араағайындығымен өтіп жатқан және бейсенбі, 25 маусымда аяқталуы тиіс болған Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздер тағы бір күнге ұзартылып, бесінші кезең бүгін, жұма күні таңертең қайта жалғасты.
АҚШ Мемлекеттік департаменті екі ел арасындағы келіссөздердің бесінші кезеңі күрделі өтіп жатқанына қарамастан, белгілі бір ілгерілеушілік барын мәлімдеді.


















