Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанмен арада шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Ресей Президенті Владимир Путин бұл туралы 2025 жылғы 22 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: “Жаңа жыл қарсаңында дәстүрге айналған Петербургтегі кездесуіміз мазмұнды өтті. Біз ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдадық. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқыланды. ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым. Биыл өзара ынтымақтастығымыз табысты болғаны сөзсіз. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Сол сапар барысында қонақжайлық танытқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді” деді.
Осы кездесуде Ресей Президенті Владимир Путин: “Біз кешеден бері біраз жұмыс атқардық. Бүгінгі бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметімізді және екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқыладық. Дегенмен Сізбен Қазақстан және Ресей арасындағы өзара байланыстардың басым бағыттарын дамыту үшін арнайы кездескеніме қуаныштымын. Менің ойымша, барлық сала оң қарқынмен алға ілгерілеп келеді. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ”, — деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 22 желтоқсан Ресей, Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.












