Украинаның Ирандағы уақытша сенімді өкілі СІМ-не шақырылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Украинаның Ирандағы уақытша сенімді өкілі Киевтің АҚШ пен Израильдің Иранға жуырдағы агрессиясына қатысты жасаған мәлімдемесіне байланысты Иран СІМ-не шақырылды.
Украинаның Тегерандағы уақытша сенімді өкілін шақырған Иран Сыртқы істер министрлігінің Еуразия департаментінің басшысы Шаһрам Фарсаи оған наразылық нотасын тапсырып, Украинаның ұстанымын қатаң айыптады.
Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Украина билігінің Израильдің әскери басқыншылығын қолдауы Киевтің халықаралық және құқықтық міндеттемелерін, соның ішінде БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен мақсаттарын, Женеваның төрт конвенциясының ережелерін елемеу дегенді білдіретінін баса айтты.
Иран кездесу барысында Украинаның жоғары лауазымды тұлғаларының мұндай дұшпандық әрі арандатушылық мәлімдемелерінің қайталануының салдары туралы ескертті.
Украинаның Ирандағы уақытша сенімді өкілі наразылық нота мен Иран тарапының ұстанымын жақын арада Украина Үкіметіне жеткізетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Киев АҚШ-ның Иран аумағындағы ядролық бағдарламаға қатысы бар нысандарға жасаған шабуылын қолдайтынын мәлімдеді. Украина СІМ таратқан мәлімдемеге сәйкес, өзге мемлекеттерге қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартқан Киев Иранның ядролық бағдарламасын жоюды жақтайтынын айтқан.












